Банкроттық рәсіміндегі борышқор мәмілелерін жарамсыз деп танудың арнайы негіздері: теория және сот тәжірибесі
DOI:
https://doi.org/10.47344/39kpxr89Кілт сөздер:
Мәміле жарамсыздығы, банкроттық рәсім, борышқор, арнайы негіздер, сот тәжірибесіАңдатпа
Мақалада банкроттық рәсіміндегі борышқор мәмілелерін жарамсыз деп танудың арнайы негіздері талданады. Автор банкроттық саласындағы мәмілелердің құқықтық табиғатын, олардың борышқор мен несие берушілер арасындағы мүліктік қатынастарға әсерін және сот тәжірибесіндегі қолданылу ерекшеліктерін зерттейді. Мақалада «Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 7 наурыздағы № 176-V ҚРЗ Заңының (бұдан әрі – Банкроттық туралы заң) 7-бабы 2-тармағында көзделген алты арнайы негіздің мазмұны мен ерекшеліктері ашып көрсетілген. Әсіресе тең емес қарсы орындау, жарғылық өкілеттілікті бұзу, мүлікті өтеусіз не төмен бағамен беру, артықшылықпен төлем жасау және жалған мәмілелердің құқықтық салдары нақты сот істері арқылы мысалға алынған. Автор сот тәжірибесіндегі дәлелдеу міндетін бөлу, бағалау қызметінің нәтижелерін пайдалану және мәміле бағасының нарықтық сәйкестігін анықтау мәселелерін егжей-тегжейлі қарастырады. Сондай-ақ, банкроттық басқарушының талап қою стратегиясы мен соттардың дәлелдерді бағалау тәсілдері талданған. Мақалада борышқор мәмілелерін жарамсыз деп тану институтының құқықтық маңызы айқындалып, оның несие берушілердің мүдделерін қорғаудағы рөлі мен банкроттық рәсіміндегі әділдік қағидаттарын қамтамасыз етудегі орны туралы тұжырым жасалады. Зерттеу нәтижесінде банкроттық дауларында қолданылатын арнайы негіздердің өзара байланысы мен айырмашылықтары жүйеленіп, сот тәжірибесін жетілдіру қажеттігі көрсетілген.