Әлемдік тұтынушылық банкроттық модельдері мен ҚазақстанРеспубликасының тәжірибесіне салыстырмалы-құқықтық талдау
DOI:
https://doi.org/10.47344/wttg5h19Кілт сөздер:
Қазақстан Республикасы, тұтынушылық банкроттық, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, сот практикасы, салыстырмалы құқықтық талдау, қаржы басқарушысыАңдатпа
Бұл мақалада Қазақстан Республикасындағы тұтынушылық банкроттық институтының
қалыптасуы мен құқық қолдану практикасы салыстырмалы құқықтық тұрғыдан талданады. Зерттеу барысында 2023-2025 жылдар аралығындағы ашық статистикалық деректер, тұтынушылық
банкроттыққа қатысты сот актілері және шетелдік құқықтық модельдер қарастырылды. Автор
Қазақстандағы банкроттық институтына сұраныстың жоғары екенін, алайда сот банкроттығы мен
төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдерінің практикада бірдей тиімді жұмыс істемейтінін
негіздейді. Сот істерін талдау банкрот деп тану туралы шешімнің негізгі өлшемі қарыз көлемі емес,
борышкердің шынайы және тұрақты төлем қабілетсіздігін дәлелдеу екенін көрсетті. Сонымен бірге қаржы басқарушысының қорытындысы іс бойынша шешуші дәлелдердің біріне айналып отырғаны анықталды. Халықаралық тәжірибені салыстыру нәтижесінде Қазақстан үшін бірнеше маңызды бағыт айқындалды. Олардың қатарына қайта құрылымдау рәсімін күшейту, қаржы басқарушылары қызметін біріздендіру, формальды талаптарды шынайы қаржылық жағдаймен үйлестіре қолдану және рәсімдерді кезең-кезеңімен жетілдіру жатады. Зерттеу қорытындысы тұтынушылық банкроттық институтын әлеуметтік тұрғыдан әділетті, құқықтық тұрғыдан тұрақты және практикалық тұрғыдан тиімді ету үшін аралас модель қажет екенін көрсетеді.